Жаңа ғасырдың Қажымұқаны: әлем чемпионы Ұлттық ұлан қатарында қызмет етуде

Қыркүйек 13, 2025 - 11:51
 0  2
Жаңа ғасырдың Қажымұқаны: әлем чемпионы Ұлттық ұлан қатарында қызмет етуде
polisia.kz

Гір спортынан үш дүркін әлем чемпионы Еркебұлан Келдібаев қазіргі уақытта ҚР ІІМ Ұлттық ұланының құрамында әскери борышын өтеп жатыр, деп хабарлайды ilmek.kz сайты polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Спортшы Алматы қаласындағы Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының есімімен аталатын 5571 әскери бөлімде қызмет атқарып жүр.

Түркістан облысының тумасы, қатардағы жауынгер Еркебұлан Келдібаев — гір көтеруден үш мәрте әлем және Азия чемпионы, он мәрте Қазақстан чемпионы атанған, спорт шебері. Ол бала кезінен аңызға айналған балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының ерлігіне тәнті болып өскен. Спортта биік нәтижелерге жетіп, енді сол табандылығы мен ерік-жігерін әскери қызметте де көрсетіп келеді.

Әскери бөлімге келген күннен бастап Еркебұлан қарулас жолдастарының құрметіне бөленіп, оның қарапайымдылығы мен қайсарлығы үшін "Қажымұқан" деген лақап атқа ие болған. Бос уақытында да жаттығу жасап, спорттық дайындығын үзбей жалғастыруда. Себебі мықтылық пен төзімділік – тәртіп пен табанды еңбекті қажет етеді.

Ол қазір қоғамдық тәртіпті сақтауға, қала қауіпсіздігі мен тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етуге үлес қосып жүр.

– Ұлттық ұландағы қызмет – үлкен жауапкершілік пен төзімділік мектебі. Бұл спорттағы шыңдалумен ұқсас. Жастарға әскерден қорықпауға, спортпен айналысуға үлгі болғым келеді, – дейді Еркебұлан Келдібаев.

Болашақта халықаралық жарыстарға қатысып, Қазақстанның көк байрағын әлемдік ареналарда желбірету – оның басты мақсаты. Әскери бөлім басшылығы Еркебұланға әскери қызметпен қатар спортты бірге алып жүру үшін толық қолдау көрсетіп отыр.

Ұлттық ұлан әрдайым ел намысын қорғап жүрген жауынгерлерін қолдауға дайын. Еркебұлан Келдібаев – спортты, әскери борышты және отансүйгіштікті ұштастыра білген нағыз үлгілі сарбаз.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнайды Ұнайды 0
Қызықсыз Қызықсыз 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Ашулы Ашулы 0
Қайғылы Қайғылы 0
Апыр-ай Апыр-ай 0