Президент “Қазақстан халқына” қорының төрайымын қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева қабылдады.
Кездесу барысында Мемлекет басшысына қор қызметінің нәтижелері мен жүзеге асырылып жатқан қайырымдылық бастамалар туралы баяндалды.
Қор төрайымының айтуынша, қамқоршылық кеңес әлеуметтік маңызы бар міндеттерді шешуге бағытталған 134 қайырымдылық бағдарлама мен жобаны бекіткен.
Президентке қордың білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларында атқарып жатқан жұмыстары таныстырылды. Атап айтқанда, онкологиялық қызметті қолдау мақсатында медициналық ұйымдар заманауи құрал-жабдықтармен, соның ішінде сәулелік терапия қондырғыларымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, өңірлерде оңалту инфрақұрылымы жаңғыртылып, мамандандырылған көмек көрсету жүйесі дамытылып жатыр.
Білім беру бағытында гранттар бөлініп, ауылдық және шағын жинақты мектептерді дамыту жобалары жүзеге асырылуда. STEM-білім беру мен цифрлық шешімдер енгізіліп, балалар мен жастардың қосымша білім алуына, соның ішінде жасанды интеллект саласын меңгеруіне басымдық берілген.
Сондай-ақ спорт инфрақұрылымын дамыту және инклюзивті спорт орталықтарын құру жұмыстары қолға алынған.
Мемлекет басшысы қайырымдылық қызметті ашық, жүйелі және тиімді жүзеге асырудың маңызын атап өтіп, бұл бастамалардың халықтың өмір сүру сапасын арттыруға қосып отырған үлесін жоғары бағалады.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнайды
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Нашар
0
Қайғылы
0
Апыр-ай
0