Үкімет жасанды интеллектіні экономиканы болжауға енгізбек

Сәуір 30, 2026 - 16:20
Сәуір 30, 2026 - 16:21
 0  3
Үкімет жасанды интеллектіні экономиканы болжауға енгізбек
Ашық дереккөз

Үкімет Қазақстан экономикасының дамуын болжау үшін жасанды интеллектіні (ЖИ) пайдалануды жоспарлап отыр. Бұл туралы үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы цифрландыру мен ЖИ-ді кеңінен енгізіп, оны экономиканың нақты драйверіне айналдыруды тапсырған.

Осыған байланысты «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясының жобасы әзірленген. Құжат цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жаппай енгізуге бағытталып, саланың ұзақмерзімді дамуына жаңа серпін бермек.

Өткен жылы Қазақстан IT-қызметтер экспортын 1 миллиард доллардан асырды. Сарапшылардың бағалауынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллектінің әлемдік экономикаға қосатын үлесі 22 триллион доллардан асады. Осыған орай Үкімет цифрлық трансформацияны жеделдетіп, есептеу қуатын арттыруға басымдық бермек.

Елімізде Alem.Cloud және AL Farabium суперкомпьютерлік кластерлері жұмыс істейді. Оларды мемлекеттік органдар мен бизнес ЖИ шешімдерін әзірлеуде кеңінен қолдануда. Сұраныстың артуына байланысты есептеу қуатын ұлғайту тапсырылды. Сондай-ақ Павлодар облысында «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын дамыту және бұлтты сервистерді реттеу бойынша заңнамалық өзгерістер әзірленеді.

Премьер-министр ЖИ-ді тиімді енгізудің басты шарты сапалы деректер екенін атап өтті. Осыған байланысты мемлекеттік деректер қорына қолжетімділікті арттыру, бірыңғай стандарттар енгізу және салалық data-lake жүйелерін құру міндеті қойылды. Сонымен қатар бизнес үшін ынталандыру шараларын әзірлеу және шағын және орта кәсіпкерлікке ЖИ енгізуді жеңілдету көзделіп отыр.

Жасанды интеллектіні дамытуда кадр даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Жоғары оқу орындарында ЖИ пәндері енгізіліп, жаңа білім беру бағдарламалары әзірленген. Қазіргі таңда елде ЖИ бағытында 20-дан астам зертхана жұмыс істейді.

Үкімет отырысында салаларды цифрландырудың 20 картасы бекітілгені де айтылды. Олар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, білім беру және денсаулық сақтау салаларын қамтиды. Барлық жобалар AI-First қағидатына негізделген.

Көлік саласында да ЖИ белсенді енгізілуде. Мысалы, Smart Cargo платформасы құжаттарды автоматты өңдеп, шекарадан өту уақытын 4 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Ал теміржол саласында диагностика уақыты 2 сағаттан 8 минутқа дейін азайған.

Жалпы, Үкімет жасанды интеллектіні кеңінен енгізу арқылы экономиканың тиімділігін арттырып, Қазақстанның жаһандық цифрлық бәсекеге қабілеттілігін күшейтуді көздеп отыр.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнайды Ұнайды 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Нашар Нашар 0
Қайғылы Қайғылы 0
Апыр-ай Апыр-ай 0