Жасанды интеллект студенттер өміріне түбегейлі енеді: енді ол — міндетті пән
Қазақстанның жоғары білім жүйесінде үлкен өзгеріс енгізілмек. Енді жасанды интеллект (ЖИ) барлық студенттер үшін, мамандығына қарамастан, міндетті пән ретінде оқытылады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, ЖИ-ді білім беру жүйесіне енгізу үшін қажетті нормативтік-құқықтық база қалыптастырылған. ЖОО-ларда жасанды интеллектіні қолданудың бірыңғай стандарты бекітіліп, оқыту процесіне арналған арнайы нұсқаулық қабылданған. Сонымен қатар оқытушылардың ЖИ бойынша біліктілігін арттыру міндеттелді, ал жоғары оқу орындары үшін арнайы KPI көрсеткіштері енгізілді.
Жаңа жүйе аясында диссертация жазу кезінде ЖИ қолдану тәртібі де реттелді. Бұдан бөлек, университеттерде академиялық суперкомпьютерлер кластері құрылып, студенттер мен оқытушыларға есептеу қуаттарына қолжетімділік берілген.
Қазіргі таңда елімізде жасанды интеллект бойынша 22 орталық пен зертхана жұмыс істейді. Олар экология, медицина, білім беру, қауіпсіздік және смарт-сити бағыттарында ғылыми зерттеулер жүргізуде. Сондай-ақ 1,5 мыңнан астам жаңа білім беру бағдарламасы жаңартылып, ЖИ бағытындағы мамандықтарға бейімделген.
«AI-Sana» бағдарламасы аясында 673 мыңнан астам студент ЖИ негіздері бойынша сертификат алған. Ал студенттер қазірдің өзінде 308 ЖИ-жобаны әзірлеген.
Сонымен қатар ЖИ оқу процесінде нақты қолданыла бастады: AI-Talapker чат-боты талапкерлерге кеңес береді, AI-прокторинг емтихандардың ашықтығын қамтамасыз етеді, ал OquLabs жүйесі оқытушыларға студент жұмыстарын тексеруді жеңілдетеді.
Жасанды интеллект енді тек жеке құрал емес, университеттердің толық экожүйесіне айналмақ. Сарапшылардың айтуынша, бұл қадам Қазақстанның білім беру жүйесін цифрлық жаңа деңгейге көтереді.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнайды
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Нашар
0
Қайғылы
0
Апыр-ай
0