"Інжу-маржан" Әулиеаталық қаламгер арулардың жинағы жарық көрді
Тараз қаласындағы "Анаға тағзым" орталығының ұйымдастыруымен қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Күләш Ахметованың 80 жылдығына арналған тағылымы мол әдеби ән-сазды кеші өтті. Кеш аясында орталықтың жанынан құрылған «Інжу–Маржан» қаламгер қыздар кеңесі мүшелерінің шығармалары топтастырылған жинағының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Рухани мазмұны бай бұл іс-шара поэзия мен өнерді, ұлт руханияты мен әдеби мұраны ұлықтаған ерекше басқосу болды. Іс-шараның мән-мазмұнын «Поэзияның ақ гүлі» атты кітап көрмесі мен ақын шығармашылығына арналған бейнеролик пен әуендер аша түсті.
Іс-шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері, белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері қатысты. Олардың қатарында ақынның өмірлік серігі Қайырбек Асанов, құрбылары мен өнердегі достары болды. Сонымен қатар, Жамбыл облысы әкімінің аппарат басшысы Ілебаев Лесбек Құралбайұлы мен "Аманат" партиясының Жамбыл облыстық партиясының төрағасы Бейсенқұлов Дауыл Ынтықбайұлы арнайы қатысып, жүрекжарды лебізін білдірді.
Кештің мазмұны ән мен жыр, естелікке толы болды. Онда Күләш Ахметованың сөзіне жазылған «Қазақстаным», "Нағашыма", "Жақсылықтың бағасы" және "Сен қазақсың!" әндері орындалып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Мектеп оқушылары ақын өлеңдерін нақышына келтіре оқып, жас буынның әдебиетке деген құрметін көрсетті. Ақындар мен қаламгерлер де өз естеліктерімен бөлісіп, Күләш Ахметова тұлғасының биік болмысын жан-жақты ашты. Күләш Ахметованың қазақ әдебиетіндегі орны, оның нәзік лирикасы мен терең ойлы шығармалары кеңінен сөз болды. Ақынның елдік рух пен ұлттық құндылықтарды дәріптеген жырлары ерекше атап өтілді.
Кештің маңызды бөлігі – «Інжу–Маржан» атты кітаптың тұсаукесері болды. Бұл жинақ Әулиеата өңірінің қаламгер аруларының шығармашылығын біріктірген ерекше туынды ретінде таныстырылды. Кітапта поэзия мен проза үндесіп, ару қаламгерлердің нәзік сезімі мен терең ойы көрініс тапқан. Жинақтың таныстырылымы барысында авторлар сахна төріне шақырылып, олардың еңбектеріне жоғары баға берілді.
Аталған рухани кеш – тек бір ақынның мерейтойы ғана емес, ұлттық әдебиеттің, қазақ поэзиясының мерекесі болды. Күләш Ахметованың мәңгілік мұрасы мен шығармашылығы келер ұрпаққа жол тартқан асыл қазына ретінде тағы бір мәрте айқындалды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнайды
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Нашар
0
Қайғылы
0
Апыр-ай
0