Таразда қоғамдық көлік жаңғыруда: Жаңа автобустар тұрғындар игілігіне берілді

Қыркүйек 9, 2025 - 09:17
 0  6
Таразда қоғамдық көлік жаңғыруда: Жаңа автобустар тұрғындар игілігіне берілді

Тараз қаласында қоғамдық көлік сапасын арттыру бағытында тағы бір маңызды қадам жасалды. Қаладағы орталық алаңда тұрғындарға қызмет көрсететін автопарктерге 12 жаңа автобус табысталды. Қала тұрғындары бұған дейін осы маркалы автобустарды пайдаланып, оның қолайлылығы мен сапасын жоғары бағалап үлгерген.

Жолаушылар үшін автобустардың ең басты артықшылықтарының бірі — төмен еденді конструкциясы мен кең есіктері, яғни мініп-түсуге өте ыңғайлы. Сонымен қатар, автобустар ішіндегі жайлы орындықтар, сапалы желдеткіштер мен кондиционерлер, жолдағы тұрақты қозғалыс — барлығы да жолаушының жайлылығы үшін ойластырылған.

Жаңа көліктердің кілттерін жүргізушілерге қала әкімі Бақытжан Орынбеков табыстады. Ол өз сөзінде қаладағы көлік инфрақұрылымын жаңарту бағытында 2023 жылы арнайы бағдарлама қабылданғанын атап өтті. Үш жылдық жоспарға сәйкес 210 автобус сатып алынып, автопарктердің 70%-ы жаңартылуы тиіс болатын. Алайда, бұл меженің көп бөлігі өткен жылы-ақ орындалған.

Биылғы жылы қосымша 47 жаңа автобус сатып алынып отыр. Оның бір бөлігі №27 және №32 бағыттарды жаңартуға бағытталады. Әкімнің айтуынша, бұл екі бағыттағы көліктердің сапасы бұған дейін тұрғындар тарапынан жиі сынға алынған. Мысалы, №27 бағытта ескі ПАЗ маркалы автобустар жүрген, ал №32 бағытта жолаушыларды сыйымдылығы төмен, тар автобустар тасымалдаған. Енді бұл бағыттарға заманауи, кең әрі жайлы автобустар қатынайтын болады.

— Біздің басты мақсатымыз — тұрғындарға сапалы әрі қауіпсіз қоғамдық көлікпен қызмет көрсету. Сол себепті, жүргізушілер жол қозғалысы ережесін, жылдамдық режимін және бекітілген кестені қатаң сақтауы тиіс, – деді қала әкімі.

Жаңарту аясында №27 бағыттағы автобустар саны 13-тен 16-ға дейін артып, көлік қатынау жиілігі 15 минуттан 12 минутқа дейін қысқарады. Жаңа автобустар арнайы несие бағдарламалары арқылы тасымалдаушыларға лизингке беріліп отыр. Бұл – мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі. Сонымен қатар, әкімдік тарапынан да қолдау бар: өткен жылы жолаушылар тасымалын субсидиялауға 5,3 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 7,1 млрд теңгеге дейін ұлғайтылған.

Бүгінде бір жолаушыны тасымалдау құны 200 теңге болса, бекітілген тариф — 100 теңге. Арадағы айырмашылық жергілікті бюджет есебінен өтеледі. Бұл жүйе тасымалдаушылардың тұрақты жұмыс істеуіне және көлік паркін жаңартуға мүмкіндік береді.

Жыл соңына дейін тағы 80 автобус сатып алу жоспарланып отыр. Олар қалаға қосылған жаңа 14 елді мекеннің қажеттіліктерін қамту үшін бес жаңа бағытта қызмет көрсететін болады.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнайды Ұнайды 0
Қызықсыз Қызықсыз 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Ашулы Ашулы 0
Қайғылы Қайғылы 0
Апыр-ай Апыр-ай 0