Жамбыл облысында психотроптық дәрілерді заңсыз айналымға енгізген ұйымдасқан топтың әрекетіне тосқауыл қойылды.
Прокуратура үйлестіруімен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында есірткі қылмысына қарсы күрес, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және ішкі қауіпсіздік бөлімшелері бірлескен арнайы шара жүргізді.
Тексеру нәтижесінде Тараз қаласындағы бірнеше дәріханадан мынадай заттар табылып, тәркіленді:
• 364 ампула трамадол,
• 1800-ден астам тропикамид, сомнол және димедрол таблеткалары,
• 17 грамм психотроптық оксивид.
Оқиғаға байланысты төрт күдікті ұсталды. Белгілі болғандай, олардың ішінде Тараздың 59 жастағы тұрғыны 2023 жылдан бері тыйым салынған дәрілерді заңсыз жеткізіп, оны дәріхана қызметі арқылы жасырып келген.
Қазіргі таңда ұйымдастырушыға қатысты қылмыстық іс қозғалып, барлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар іске қатысы бар өзге тұлғаларды анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұл шара – азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғауды көздейтін ішкі істер органдарының жүйелі қызметінің нәтижесі.