Отбасын қолдау орталықтарының жұмысы нәтижелі ме?

Қараша 13, 2025 - 11:05
 0  10
Отбасын қолдау орталықтарының жұмысы нәтижелі ме?
turaninfo
Отбасын қолдау орталықтарының жұмысы нәтижелі ме?

Жамбыл облысы әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық жиында өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету және отбасын қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіру мәселелері талқыланды.

Облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова отбасылармен жұмыс бағытындағы бірқатар кемшіліктерге тоқталып, жауапты тұлғалардың атын атап, түсін түстеді.

«Қазіргі таңда Тараз қаласында отбасын қолдау орталықтары ашылғанымен, әлі күнге дейін өз жұмысын толыққанды атқармай отыр. Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Талас аудандарында орталықтар ресми түрде қызмет көрсетуде. Осы жылдың қыркүйегінде өткен аппараттық кеңесте Т.Рысқұлов және Сарысу аудандарында орталықтардың формальді түрде ғана жұмыс істейтіні айтылған болатын. Сол сыннан кейін тек Сарысу ауданы оң нәтиже көрсетті. Ал Рысқұлов пен Мойынқұм аудандарының көрсеткіштері төмен», — деді Айжан Серікбайқызы.

Оның айтуынша, Тұрар Рысқұлов ауданында цифрлық мобильді топ құрылса да, мәліметтер уақтылы жиналмаған. Қордай және Шу аудандарында орталықтар ашу туралы қаулы қабылданып, қаржы бөлінгенімен, нақты жұмыстар әлі басталмаған.

«Бүгінгі күні отбасын қолдау орталықтарының қызметкерлері жұмысқа қабылданғанда арнайы заңнамалық құжаттар болмаған. Облыстағы орталық директорларының барлығында жоғары білім бар, алайда олардың бірінің мамандығы сәйкес келмейді, ал бес директордың басшылық тәжірибесі жоқ», — деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Мәселен, Сарысу ауданында отбасын қолдау орталығы 2025 жылдың ақпан айында тіркеліп, сәуірде директор мен есепші тағайындалған. Алайда жұмыс қиын болғандықтан, екеуі де өз еркімен қызметтен кеткен. Сол уақыт аралығында олар жалақы алып отырғаны анықталған. Бұл жағдай аудан әкімінің бақылауының әлсіздігін көрсетті.

Кеңесте облыстағы отбасылармен жұмысты тиімді үйлестіру мақсатында «Анаға тағзым» орталығын облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығы ретінде қайта құру ұсынылды.

Орталық директоры Эльмира Мырза-Ғали мобильді топтар мен орталықтардың жұмысына жүргізілген талдау нәтижелерін таныстырды.

Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев баяндамаларда айтылған кемшіліктерді жүйелі түрде шешуді тапсырды және бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі алдағы кеңесте қайта қаралатынын ескертті.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнайды Ұнайды 0
Қызықсыз Қызықсыз 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Ашулы Ашулы 0
Қайғылы Қайғылы 0
Апыр-ай Апыр-ай 0