Депутат мүгедектігі бар жандарға тіл тигізген блогерлерге қылмыстық жаза қолдануды ұсынды
Депутат Ерлан Әбдиев әлеуметтік желіде мүгедектігі бар жандарға тіл тигізген блогерлерге қылмыстық жаза қолдануды ұсынды.
Ол премьер-министрдің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады.
"Кейінгі айларда қоғамда алаңдатарлық үрдіс байқалды. Әлеуметтік желілерде мүгедектігі бар балалар мен азаматтарға қарсы қорлау, өшпенділік тілі күшейді. Осыдан бірнеше ай бұрын блогер-сымақ біреу аутизмі бар балаларды өлтіруге шақырғанын білесіздер. Ол әлеуметтік араздықты қоздырып қана қоймай, көпшілікті қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа ашықтан-ашық шақырды. Екінші мысал. Күні кеше аутизм дертіне шалдыққан балалар мен олардың әке-шешесіне тіл тигізген тағы да бір блогер шықты. Ол "мұндай ауытқуы бар бала жеңіл жүрісті шешеден туады" деп мәлімдеді. Онсыз да ауыр дертке шалдыққан балалардың ата-аналарына бұл жығылғанға жұдырықтай тигені анық", - деді депутат.
Депутаттың пікірінше, "хайптың артында жүріп, көпшіліктің арын таптаған мұндай блогерлерге әкімшілік емес, қылмыстық жаза қолданылуы керек".
"Әйтпесе кез келген адам аузына ие болмай, жазадан құтылып, қоғамға үлкен зиян келтіріп, емін-еркін жүре бермек", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін аутист балалар туралы ауыр пікір жазған блогер жұрттан кешірім сұрады. Сонымен қатар, жуырда ерекше балаларға қатысты дау тудырған видеодан кейін блогердің ісі сотта қаралды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнайды
0
Қызықсыз
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Ашулы
0
Қайғылы
0
Апыр-ай
0