“Актив” ломбард филиалдары уақытша жұмысын тоқтатты: иесі ұсталды
Қазақстанда заңсыз микрокредит беру бойынша кең ауқымды схема анықталды. Бұл схема еліміздің әр өңірінде 200-ден астам филиалы бар, комиссиялық дүкендер ретінде жасырылған ірі ломбардтар желісі арқылы жүзеге асырылғаны хабарланды.
Жағдайдың мән-жайы
"Актив Ломбард" желісінің иесі С.С. Койнов сенімді адамдар арқылы "Актив Маркет" брендімен бірнеше компанияны тіркеп, оларды тауарлар мен тұрмыстық техниканы қабылдайтын комиссиялық дүкендер ретінде көрсеткен. Алайда, іс жүзінде бұл компаниялар лицензиясыз ломбард қызметін – мүлікті кепілге қою арқылы заңсыз қарыз беру ісін жүргізген. Комиссиялық дүкендер мен ломбардтар бір ғимаратта орналасып, бір қызметкермен басқарылған.
Заңнамаға сәйкес, қысқа мерзімді қарыздарға (45 күнге дейін) тәулігіне 0,3%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі белгіленген. Алайда, Койновтың компаниясы 15 күнге 16,2% сыйақымен қарыз берген, бұл заңда қарастырылған шектен төрт есе жоғары. Нәтижесінде, жүз мыңдаған азамат, оның ішінде зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасылар қарыз тұзағына түсірілген.
"Екі жылда заңсыз жоғары мөлшерлемемен кепілге қарыз беру арқылы 3,5 млрд теңгеден аса қаражат заңсыз өндірілген. Түскен кірісті одан әрі заңдастыру үшін Койнов байланысы бар компаниялармен жалған келісімшарттар рәсімдеген. Оның жалпы сомасы - 1,9 млрд теңге. Кейін бұл қаражат жеке депозит шотына дивиденд түрінде аударылған", - деп жазылған хабарламада.
Тергеу барысы
Еліміздің барлық өңірінде 200-ден астам нысанда тінту жүргізіліп, заттай дәлелдер алынған. Қазіргі таңда соталды тергеу жұмыстары жалғасуда.
"Қарыз алушылардың назарына! Қаржы реттеушісінің лицензиясы бар "Актив Ломбард" желісінің қызметі соталды тергеу нысанына жатпайды. Агенттік оның бірде-бір филиалын жапқан жоқ, "Актив Маркетке" кепілге қойылған мүлік те тәркіленген жоқ. Ол "Актив Ломбардтың" иелігінде", - деп жазылған хабарламада.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнайды
0
Қызықсыз
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Ашулы
0
Қайғылы
0
Апыр-ай
0