80 жастағы жамбылдық желаяқ Нью-Йорк марафонының чемпионы атанды

Қараша 5, 2025 - 15:54
 0  9
80 жастағы жамбылдық желаяқ Нью-Йорк марафонының чемпионы атанды
gov.kz

Жамбыл облысының тұрғыны, 80 жастағы Салтанат Түйтебаев Нью-Йорк марафонында өз жас санатында чемпион атанды.

5 қарашаға қараған түні елорда әуежайында марафон жеңімпазын туған-туыстары мен спорт жанкүйерлері салтанатты түрде қарсы алды.

Жүгіруді өмір салтына айналдырған мойынқұмдық ардагер 42,2 шақырымды 4 сағат 45 минут 56 секундта жүгіріп өтіп, 80–89 жас санатында бірінші орынды иеленді. Бұған дейін ол 2021 жылы дәл осы марафонда 75–79 жас санатында күміс жүлдеге қол жеткізген болатын.

«Әлемде ең беделді саналатын алты марафон бар — Лондон, Бостон, Берлин, Чикаго, Нью-Йорк және Токио. Бұл жарыстарға тек жарна төлеп қатыса алмайсың, арнайы уақыт нормативін орындау қажет. Мен Амстердамдағы марафонда сол талапты орындап, Нью-Йорк жарысына шақырту алдым. Биыл 200 мың үміткердің арасынан озып, екінші рет қатысу бақыты бұйырды», — деді Салтанат Түйтебаев.

Ардагер желаяқ жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті:

«Бұл жолы 55 мыңға жуық адам бір мезетте жүгірді. Олимпиада және әлем чемпиондарымен қатар жүгіру — үлкен мәртебе. Трасса қиын болғанымен, жол бойында 2 миллионнан астам көрерменнің қолдауы ерекше қуат берді», — деді ол.

Биылғы Нью-Йорк марафонына Қазақстаннан 44 спортшы қатысқан. Ал ең егде қатысушы — 91 жастағы жапон желаяқ Коичи Китабатаке, ол қашықтықты 7 сағат 25 минут 13 секундта еңсеріп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Салтанат Түйтебаевтың бұл жеңісі — Қазақстан халқының қайсарлығы мен рухының жарқын көрінісі ретінде бағалануда.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнайды Ұнайды 0
Қызықсыз Қызықсыз 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Ашулы Ашулы 0
Қайғылы Қайғылы 0
Апыр-ай Апыр-ай 0