Әйгерім Сәттібаева халықаралық турнирде топ жарды

Қыркүйек 4, 2025 - 11:34
 0  6
Әйгерім Сәттібаева халықаралық турнирде топ жарды

Қытайдың Үрімші қаласында өткен әйелдер арасындағы «Бір белдеу, бір жол» халықаралық бокс турнирінде Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетті. Әлемнің 20 елінен келген үздік былғары қолғап шеберлері бас қосқан бұл байрақты бәсекеде жамбылдық спортшы Әйгерім Сәттібаева 48 кг салмақта алтын медаль иеленді.

Боксшы қыз алғашқы кездесуінде филиппиндік Сумал Иног Патрисиа Майды сенімді түрде жеңсе, келесі кезеңде мықты қытайлық қарсыласын жарыс жолынан шығарды. Айта кету керек, қытайлық спортшы алдағы Әлем чемпионатына қатысатын үміткерлердің бірі. Финалда Әйгерім жастар арасында Әлем чемпионы атағын иеленген отандасымыз Еланур Тұрғанованы айқын басымдықпен ұтып, жеңімпаз атанды.

Әйгерім Сәттібаеваның осы жеңісіне оның жұбайы әрі жеке бапкері, бокстан Әлем және Азия чемпионы Олжас Көсемәліұлы үлкен үлес қосты.

— Ел намысын қорғау – үлкен жауапкершілік. Мен үшін бұл жарыста жеңістен басқа ой болған жоқ. Халқымыздың үмітін ақтағаныма қуаныштымын. Әсіресе, әр дайындығымда жанымнан табылған жұбайыма алғыс айтамын, – дейді Әйгерім Сәттібаева.

Қазақстан әйелдер құрамасы бұл турнирде жалпы командалық есепте де жоғары нәтижеге қол жеткізді. Әйгеріммен қатар келесі боксшылар алтын жүлде иеленді:

  • Жайна Шекербекова (54 кг)

  • Рима Волосенко (60 кг)

  • Валентина Хальзова (75 кг)

  • Ләззат Күнгейбаева (81+ кг)

Күміс жүлдені Сания Сұлтан (54 кг) иеленсе, Зере Мархабай (57 кг), Мадина Нуршаева және Дариға Шакимова (екеуі де 66 кг) қола медальдарға қол жеткізді.

Бұл жарыс Қазақстанның әйелдер құрамасының жоғары дайындық деңгейін және алдағы әлемдік ареналарда ел намысын абыроймен қорғай алатынын дәлелдеді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнайды Ұнайды 0
Қызықсыз Қызықсыз 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Ашулы Ашулы 0
Қайғылы Қайғылы 0
Апыр-ай Апыр-ай 0