Жасанды интеллект – жаңғыру құралы емес, нәтиже құралы болуы керек
Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Цифрлық штаб отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында қойылған міндеттер талқыланды. Жиында цифрлық технологияларды, оның ішінде жасанды интеллектіні барлық салаға енгізудің маңыздылығы атап өтілді. Олжас Бектенов ЖИ енгізу бастама ретінде емес, нақты нәтижеге бағытталуы тиіс екенін баса айтты.
Отырыс қорытындысы бойынша бірыңғай ұлттық цифрлық жүйені құруға байланысты бірқатар нақты шешімдер қабылданды. Денсаулық сақтау саласына қатысты 15 қарашаға дейін отандық стартаптардың шешімдерін ендіру үшін заңнамалық өзгерістер енгізу тапсырылды. Ал 20 желтоқсанға дейін саланың жеті түрлі ақпараттық жүйесі Qaztech платформасындағы екі жүйеге біріктірілуі тиіс. Бұл медициналық ұйымдардағы ақпараттық жүйелерді шоғырландыру арқылы дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, әкімшілік жүктемені азайтады. Сонымен қатар, онкологиялық және басқа да ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін ЖИ негізіндегі құралдар, дәрігерлерге арналған цифрлық ассистенттер енгізілмек.
Энергетика саласында да ЖИ технологияларын қолдану көзделіп отыр. Атап айтқанда, 1 желтоқсаннан бастап электр және жылу желілерін диагностикалау үшін дрондар мен арнайы құрылғылар қолданылатын болады. Бұл ақауларды дәл әрі жедел анықтап, инфрақұрылымды тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Қалалық құбыр жүйелерін ішкі жағынан тексеруге арналған заманауи сенсорлармен жабдықталған құрылғылардың көмегімен мониторинг жүргізіледі. Мұндай тәсіл инфрақұрылымның жай-күйін нақты бағалап, дер кезінде жөндеу жүргізуді қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, 20 желтоқсанға дейін еліміздің отын-энергетика кешенінде Салалық ақпараттық қауіпсіздік орталығын іске қосу жоспарланған. Бұл орталық энергетика саласына тән ерекшеліктерді ескере отырып, жаңа киберқауіпсіздік талаптарын әзірлейді және жүйенің ақпараттық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған жұмыстарды үйлестіреді. Жалпы алғанда, ЖИ енгізу еңбек ресурстарын үнемдеуге, қызмет сапасын арттыруға, энергиямен тұрақты қамтамасыз етуге және жылыту маусымын тиімді өткізуге сеп болады.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнайды
1
Қызықсыз
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Ашулы
0
Қайғылы
0
Апыр-ай
0