Жамбылда жыл басынан бері 8 тоннадан астам есірткі тәркіленді
Жамбыл облысында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында есірткі қылмыстарына қарсы күрес қарқынды жүргізілуде. Облыстық Полиция департаментінің мәліметі бойынша, 2024 жылдың алғашқы 9 айында 434 есірткіге қатысты қылмыс анықталды.
Бұл туралы департамент бастығының бірінші орынбасары Мақсат Қанапяев мәлімдеді.
Жыл басынан бері заңсыз айналымнан 8 тонна 745 килограмм есірткі заттары тәркіленген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 тонна 651 килограммға артық.
Есірткі тасымалына тосқауыл қою мақсатында Шу алқабынан Қарағанды, Алматы және Түркістан облыстары бағытында мобильдік топтар жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде 16 есірткі жеткізу арнасы тоқтатылып, 380 килограмнан астам марихуана мен 150 килограмм гашиш тәркіленді. Сондай-ақ 18 адам ұсталды.
Сонымен қатар, трамадолды заңсыз сатумен айналысқан 8 адамнан тұратын ұйымдасқан топ анықталды.
Синтетикалық есірткілермен күрес бағытында биыл 13 адам ұсталып, 9 килограмнан астам синтетикалық заттар тәркіленген. Полиция қызметкерлері Ресей Федерациясының екі азаматын ұстады, олардың үйінен 8 килограмнан астам «Мефедрон», 2 тоннадан астам прекурсорлар және арнайы құрал-жабдықтар табылды.
Профилактикалық шаралар шеңберінде «Кибернадзор» жүйесі арқылы 2 458 сайт бұғатталып, «Антифрод» жүйесі арқылы 1 604 банк шоты тоқтатылды. Заңсыз аударылымдардың жалпы сомасы 50,5 миллион теңгеден асты. Сондай-ақ 260-тан астам есірткі жарнамасы бар граффити жазбалары жойылды. Бұл шараларға 62 мыңнан астам оқушы қамтылды.
2024 жылғы 1 маусым мен 30 қазан аралығында жүргізілген «Қарасора-2025» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 6 399 гектар аумақтан 3 870 тонна жабайы қарасора жойылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп.
«Дәрмек» акциясының үш кезеңінде 3 қылмыстық және 68 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Сонымен қатар, 9 мыңнан астам «Трамадол» ампуласы, 33,897 тонна прекурсор және 6 мыңнан астам психотроптық препараттар заңсыз айналымнан алынды.
Жамбыл облысы Полиция департаменті алдағы уақытта да есірткі қылмысына қарсы күресті жалғастырып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шараларды күшейтетінін хабарлады.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнайды
0
Қызықсыз
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Ашулы
0
Қайғылы
0
Апыр-ай
0