«Қызыл» сызық талаптарын бұзған құрылыс нысандары сүріледі

Қазан 1, 2025 - 12:47
 0  5
«Қызыл» сызық талаптарын бұзған құрылыс нысандары сүріледі
А.Рысмахан

Жамбыл облысының басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте құрылыс саласындағы кейбір кемшіліктер талқыланды. Атап айтқанда, облыс аудандарында бас жоспарларды уақытылы әзірлеу мен цифрландыру мәселелері кешігіп жатыр. Сондай-ақ, «қызыл» сызық нормаларын бұзған құрылыс нысандарына тиісті шаралар толық қолданылмай отыр.

Облыс бойынша 152 нысан «қызыл» сызық талаптарын бұзғаны анықталды, оның 113-і – Тараз қаласында. 7 нысанға шара қолданылып, 56 нысанның құжаттары рәсімделді. Бірақ 84 нысанға қатысты әлі заң талаптары бойынша жұмыс жүргізілуі тиіс. Мысалы, Тараздағы «BeshBQ» кафесі «қызыл» сызықты 13 метрге бұзып салынған, сот шешімімен ғимарат бұзылуы тиіс, алайда меншік иесі бұйрықты орындамағандықтан, бұзу жұмыстары қала әкімдігі тарапынан жүргізілмек.

Облыс әкімінің айтуынша, Жамбыл, Жуалы, Мойынқұм, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында бас жоспарларды цифрландыру жұмыстары кешігіп келеді. Мысалы, Жамбыл ауданында 7 елді мекеннің бас жоспары әлі цифрланбаған. Аудан әкімдері бұл мәселелерді жыл соңына дейін шешуге уәде берді.

«Сақалды» яғни ұзақ уақыт тоқтап қалған құрылыс нысандары да проблемалық. Қазіргі кезде облыста 51 нысан бақылауда, оның 35-і Таразда. Кейбір нысандар толық пайдалануға берілгенімен, кейбіреулері қаржы тапшылығына немесе заңсыздықтарға байланысты тоқтап тұр. Мысалы, Қордайда 5 қабатты тұрғын үй құрылысы ұзақ уақыт бойы тоқтап қалған.

Жиында облыс әкімі кемшіліктерді жедел жою, цифрландыруды жылдамдату және «сақалды» құрылыс иелерімен келіссөздер жүргізуді тапсырды. Нәтиже көрсетпегендерге заң аясында қатаң жауапкершілік қарастырылатыны ескертілді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнайды Ұнайды 0
Қызықсыз Қызықсыз 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Ашулы Ашулы 0
Қайғылы Қайғылы 0
Апыр-ай Апыр-ай 0