Таразда №10 қалалық емхана ашылады

Қыркүйек 3, 2025 - 15:04
Қыркүйек 4, 2025 - 10:47
 0  21
Таразда №10 қалалық емхана ашылады

Тараз қаласында денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында жаңа жобалар жүзеге асуда. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте кадр тапшылығы, медициналық нысандарды жаңғырту және халыққа көрсетілетін қызмет сапасы талқыланды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің айтуынша, аймақта бүгінде 15,5 мың медицина қызметкері еңбек етуде. Дәрігер жетіспеушілігі біртіндеп азайғанымен, әсіресе ауылдық жерлерде тапшылық сезіліп отыр. Бұл мәселені шешу үшін резидентурада оқып жатқан жастарды өңірге тарту, әлеуметтік қолдау шаралары қолға алынған.

Инфрақұрылымды дамыту жоспарына сәйкес, алдағы жылдары облыста жаңа ауруханалар мен емханалар бой көтермек. Оның ішінде Таразда 350 орындық көпбейінді аурухана, 150 орындық перинаталдық орталық және №10 қалалық емхана ашылады. Жаңа емхана Асқаров көшесінің соңындағы бұрынғы фтизиопульмонология орталығының ғимаратында орналасады. Санитарлық талаптарға сәйкес бейімдеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар үшін қауіпсіздік толық қамтамасыз етіледі.

Қала халқының 480 мыңнан асуына байланысты қолданыстағы емханаларға жүктеме артқан. Бір дәрігерге 2 мыңнан аса адам тіркелген жағдайлар кездеседі. Жаңа емхананың ашылуы бұл мәселені едәуір жеңілдетпек.

Аппараттық кеңесте облыс әкімі саладағы өзекті түйткілдерге тоқталып, медицина сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнайды Ұнайды 3
Қызықсыз Қызықсыз 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Ашулы Ашулы 0
Қайғылы Қайғылы 0
Апыр-ай Апыр-ай 0