Жамбылда 21 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде
Жамбыл облысында жыл соңына дейін жеті жаңа спорт кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өңір халқының спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі жыл соңына дейін 72 пайызға жетпек. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов баяндады.
Кеңес барысында спорт инфрақұрылымын дамыту, бұқаралық спортты кеңейту мәселелері талқыланды.
Басқарма басшысының мәліметінше, бүгінде облыс бойынша 2 355 спорт нысаны жұмыс істейді. Қазіргі таңда 21 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның 18-і бюджет қаражаты есебінен, ал үшеуі демеушілердің қолдауымен салынуда.
Биыл Мойынқұм, Талас және Қордай аудандарында үш денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы жеті нысан іске қосылып, қалған он бірі келесі жылы пайдалануға берілмек.
Сонымен қатар, Ж. Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Нысанның сыртқы футбол алаңы да жаңартылған.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде өңір халқының спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 70,8 пайызға жеткен (2024 жылы – 68,3%). Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 72 пайызға дейін арттыру жоспарлануда.
Ернар Ибраимовтың айтуынша, «Тараз» орталық стадионы қазіргі таңда Қазақстан футбол федерациясы мен УЕФА талаптарына толық сай келмейді. Нысан 1936 жылы пайдалануға беріліп, 2002 жылы қайта жаңғыртылған.
Тараз қаласы мен аудандарда бұқаралық спортты дамытуға 449,1 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда облыс халқының 41,9 пайызы немесе 511 мыңнан астам адам спортпен жүйелі түрде айналысады (2024 жылы – 41,2%).
Жыл басынан бері өңірде 3 171 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 299 мыңнан астам адам қатысқан.
Өңір басшысы спорт нысандарының тұрғындарға қолжетімді болуын қамтамасыз етуді, заманауи спорт алаңшасы жоқ елді мекендердің тізімін жасап, оларды қамту бойынша арнайы жоспар бекітуді тапсырды. Сондай-ақ спортпен айналысатындар санын арттыру үшін бұқаралық спорттық іс-шараларды жиі өткізу қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар облыс әкімі орталық стадионды құрылыс басқармасының теңгеріміне өткізіп, нысанды қазіргі талаптарға сәйкестендіру мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді және оны мемлекеттік сараптамадан өткізуді тапсырды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнайды
0
Қызықсыз
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Ашулы
0
Қайғылы
0
Апыр-ай
0