Депутат пранк жасайтындарды қатаң жауапқа тартуды ұсынды
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев пранк түсіремін деп қоғамдық тәртіпті бұзатындар көбейіп кеткенін мәлімдеді.
Нартай Аралбайұлы соңғы кезде болған бірнеше оқиғаны мысалға келтірді:
«Астанада блогер достарымен бірге лифт ішіне “жалған мәйіт” кіргізіп, кейін жарықты өшіреді. Сол сәтте мәйіт кейпіндегі адам қозғала бастайды. Лифт ішінде болғандардың жан даусы шыққан. Елорданың тағы бір тұрғыны жеделсатыға тапаншамен кіріп, адамдарға қару кезеп, жұрттың зәресін ұшырған. Алматыда блогерлер аула сыпырушыларға қоқыс лақтырып, мазақ етіп бейнежазба түсіріп таратқан. Мұндай мысал көп», – деді депутат.
Оның айтуынша, кейбір қазақстандық блогерлер шетелде де жауапсыз әрекеттерімен елдің беделіне нұқсан келтіріп жүр.
«Мысалы, отандасымыз Аружан Айбекова Қытайда “ұрлық жасап жатқандай” видео түсірген. Бұл іс үлкен дау тудырып, блогер жергілікті полицияға шақырылды. Алайда ол тиісті қорытынды шығармаған сияқты. Араға аз уақыт салып, Ташкент метросында ер адамдардың қолынан ұстап, тиіскен видеосын жариялады. “Ойыннан да омыртқа сынатынын” білмейтін мұндай блогер-сымақтарды қатаң жауапқа тартатын кез келді. Бұл – адамның жеке өміріне қол сұғу, қоғамдық тәртіпті бұзу», – деді Нартай Сәрсенғалиев.
Депутат сонымен қатар жасанды интеллект көмегімен жасалатын пранктердің көбейгенін сынға алды.
«Қазір пранктің тағы бір түрі шықты – жасанды интеллект арқылы жасалатын. Бірінде мемлекет басшылары мен лауазымды тұлғалар дүкенге сауда жасауға келгендей бейнеленеді. Цифрлық технологияны жақсы білмейтін адам бұған сеніп қалады. Мұндай “жасандылықты” маркетинг деп ақтауға болмайды.
Тағы бір мысалда балалар ата-аналарына “үйге танымайтын адам келді” деп, жасанды интеллект көмегімен беймәлім адамның пәтер ішінде жүрген суреттерін жібереді. Зәресі ұшқан ата-ана полицияға хабарласып, жұмысын тастап үйіне асығады. Ақыры бұл пранк болып шығады. Ал дәл сол уақытта полиция шын мұқтаж адамға көмекке үлгермей қалуы мүмкін», – деді депутат.
Сондықтан Нартай Сәрсенғалиев қоғамға қауіпті пранк жасаушыларды заң жүзінде жазалауды және олардың әлеуметтік желідегі парақшаларын бұғаттауды ұсынды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнайды
1
Қызықсыз
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Ашулы
0
Қайғылы
0
Апыр-ай
0