Келесі жылы Қазақстанда есептеулер жаңа айлық есептік көрсеткішпен (АЕК) жүргізіледі. Оның көлемі қазіргі көрсеткіштен жоғары болады. Соған сәйкес оған байланған барлық төлемдер де қымбаттайды.
Жол ережесін бұзғаны үшін айыппұл өседі.
Мәселен, ең жиі қолданылатын 5 АЕК айыппұлы – жылдамдықты 10–20 км/сағ-қа арттырғаны үшін, қауіпсіздік белбеуін тақпай көлік жүргізгені үшін, мотоцикл шлемінсіз жүргені үшін немесе тоқтау және көлік қою ережесін бұзғаны үшін – 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 21 625 теңге болады (қазір – 19 660 теңге).
Қызыл жарыққа өту, жылдамдықты 20–40 км/сағ-қа арттыру, мүгедектерге арналған орындарға заңсыз көлік қою немесе жаяу жүргіншіні жолақта өткізбеу – 10 АЕК айыппұлы – 43 250 теңгеге жетеді (қазір – 39 320 теңге).
Ал көлік жүргізу құқығынан айырылған адамның рөлге отыруы немесе жол-көлік оқиғасы орнын тастап кетуі үшін белгіленген 50 АЕК айыппұлы 196 600 теңгеден 216 250 теңгеге көтеріледі.
Утилизациялық алым қымбаттайды.
2026 жылдан бастап утилизациялық алымның базалық ставкасы 196 600 теңгеден 216 250 теңгеге (50 АЕК) дейін өседі. Соның нәтижесінде:
• қозғалтқыш көлемі 1000 см³-ке дейінгі жеңіл көлікті әкелгені үшін ең төменгі төлем – 324 375 теңге;
• 1001–2000 см³ аралығында – 756 875 теңге;
• 2001–3000 см³ – 1 081 250 теңге;
• 3 литрден жоғары болса – 2 486 875 теңге болады.
Электромобильдерге утилизациялық алым бұрынғыдай нөлдік мөлшерлемеде қалады.
Көлікті тіркеу құны артады.
Автокөлікті алғашқы тіркеу үшін алынатын ең төменгі алым (0,25 АЕК) 983 теңгеден 1081,25 теңгеге көтеріледі. Үш жылға дейінгі көлікті тіркеу үшін алынатын 50 АЕК төлемі 196 600 теңгеден 216 250 теңгеге дейін өседі. Ал ең қымбат алғашқы тіркеу (500 АЕК) – үш жылдан асқан көліктерге салынады, ол 1 966 000 теңгеден 2 162 500 теңгеге жетіп, шамамен 200 мың теңгеге қымбаттайды.
Сақтандыру бағасы өзгереді.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап сақтандыру полисінің құны да өзгереді. Себебі базалық сақтандыру сыйақысы да айлық есептік көрсеткішке байланысты (1,9 АЕК – 2025 жылы 7470,8 теңге). Дегенмен, қаржы реттеушісі жүргізушілерді сақтандыру сыныптарындағы кейбір түзету коэффициенттерін қайта қарауды жоспарлап отыр. Қандай болатыны әзірге белгісіз, бірақ сақтандыру құны міндетті түрде өзгеретіні анық.