Қазақстанда балалардың өмір сүру сапасы жақсарып келеді
2023 жылдың қорытындысы бойынша елімізде Балалардың әл-ауқат индексі өсім көрсетіп, оң динамика байқалды, деп хабарлайды ilmek.kz.
Республика бойынша орташа көрсеткіш 2,5 пунктке жоғарылап, 56,1 баллдан 58,6 баллға жетті. Бұл деректі Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі таратты.
Индексте жоғары нәтиже көрсеткен сегіз өңірдің ішінде Ақтөбе облысы көш бастап тұр — 64,6 балл (былтырғы жылмен салыстырғанда +5,6 балл). Павлодар облысы өз жоғары деңгейін сақтап қалды — 63,3 балл. Сонымен қатар Алматы қаласында (+6,9 балл) және Қостанай облысында (+6,4 балл) айтарлықтай өсім тіркелді.
«2022 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде Балалардың әл-ауқат индексі енгізілген болатын. Бұл құрал өңірлердегі көрсеткіштерді және халықаралық деңгейдегі индикаторларды салыстыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қоғам назарын балалардың өзекті мәселелеріне аудару мақсатында әзірленген», — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Индекс төрт негізгі бағыттағы 56 көрсеткішті қамтиды: «Бала», «Отбасы және қоғам», «Мемлекеттік саясат» және «Елдің әл-ауқаты». Ол 35 статистикалық және 21 сауалнамалық мәліметке негізделіп жасалады. Көрсеткіштер балалардың денсаулығы мен даму деңгейін, отбасындағы және әлеуметтік ортадағы жағдайды, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, экология мен инфрақұрылым салаларындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнайды
0
Қызықсыз
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Ашулы
0
Қайғылы
0
Апыр-ай
0