Жамбыл облысында құс фабрикасының іргетасы қаланды
Бүгінгі негізгі міндеттердің бірі – инвестиция тарту арқылы экономиканы әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың табысын арттыру. Бұл бағытта өңірде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, 2029 жылға дейін облыста құны 5,9 триллион теңгені құрайтын 116 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Өткен жылы 21 жоба іске қосылып, 550 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал биыл жалпы құны 471 миллиард теңгені құрайтын 47 жобаны іске асыру көзделіп отыр.
Сол жобалардың бірі – Т.Рысқұлов ауданы Қарақыстақ ауылында бой көтеретін асыл тұқымды құс шаруашылығы. Осы аптада «Gakku Qus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ІІ санаттағы өндіріс орнының іргетасына капсула салу рәсімі өтті.
Жоба құны – 3,5 миллиард теңге. Кәсіпорын екі кезеңде іске асырылады: алғашқы кезеңде жылына 10 миллион инкубациялық жұмыртқа өндіру жоспарланса, екінші кезеңде өндіріс қуаттылығы 60 миллион данаға дейін ұлғайтылады. Жаңа өндіріс отандық құс фабрикаларын сапалы тұқымдық материалмен қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Салтанатты шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев және жергілікті тұрғындар қатысты. Аймақ басшысы өз сөзінде аграрлық секторды дамыту, ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру және импортты қысқарту – басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, құс шаруашылығы агроөнеркәсіп кешенін дамытуда маңызды рөл атқарады.
Жоба іске асқан жағдайда өңірде құс шаруашылығының толық өндірістік тізбегі қалыптасып, өнімнің өзіндік құны төмендеп, өндіріс көлемі артады.
Компания құрылтайшысы Фарида Жүнісованың мәліметінше, құрылыс кезеңінде 120 адам жұмыспен қамтылса, кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 80–100 жаңа жұмыс орны ашылады. Оның басым бөлігі жергілікті тұрғындарға беріледі. Жобаны 2027 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнайды
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Нашар
0
Қайғылы
0
Апыр-ай
0